Әлеуметтік саладағы реформа
Әлеуметтік саясаттағы басты міндет – мемлекеттік қолдауды шын мұқтаждарға жеткізу. 2023 жылы елімізде қабылданған Әлеуметтік кодекс бұған дейін бірнеше заңмен реттеліп келген зейнетақы, жәрдемақы, жұмыспен қамту және әлеуметтік сақтандыру мәселелері бір жүйеге біріктірді. Енді көмек сұрап табалдырық тоздыру мәселесі артта қалды, мемлекет қажеттілікті дер кезінде анықтау тетігін қалыптастырды. Президенттің биылғы халыққа арнаған Жолдауында мемлекеттік көмек шынымен мұқтаж адамдарға ғана берілуі қажеттігі атап өтілді. Яғни, бұрынғыдай әлеуметтік көмекті ұлғайту арқылы басқарудағы кемшіліктерді бүркемелеу тәжірибесінен бас тартылып, әлеуметтік көмектің жаңа тәсілдерін алдымен пилоттық режимде сынап көру ұсынылды.