«Болашақ» халықаралық стипендиясы бойынша білім алып келген жастардың 98.4 пайызы елге оралып, әр салада еңбек етіп жүр. Биыл 313 азамат әлемнің іргелі оқу орындарында білімдерін шыңдауда. Жастарға қолдау көрсеткен Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашақтың» түлектері – тұғырлы елдің ертеңгі элитасы» деген болатын. Әріптесім Ақерке Бектас бірегей жобаның игілігін көрген жас мамандармен тілдесті.
Жасұлан Алданов «Болашақ» бағдарламасы менің тағдырымды түбегейлі өзгертті»,- дейді. Шетелде білім алсам деген Жасұланның арманы орындалды. Ол 2013 жылы Ұлыбританияның Саутгемптон университетінде білімін жетілдірді. Қаржы саласының қыр-сырын меңгерген жас, қазір өзі туған өлкеде еңбек етуде.
Жасұлан Алданов, «Болашақ» бағдарламасының түлегі
2015 жылы университетті тәмамдап, елге оралып, қолыма дипломымды алған соң, бүгінгі күні Тараз Мемлекеттік университетінде жас мамандардың бірі болып келемін. Бағдарлама оқушыларға, білімгерлерге көп мүмкіншілік береді. Келісімшартты орындап, елімізге деген пайдамызды тигізсек деген ойдамыз.
Елімізде Жасұлан сынды 12 мыңға жуық азамат әлемнің озық елдерінде білім алды. Олардың дені бүгінде елге қайта оралып, шетелде жинақтаған тәжірибесін мемлекеттің даму жолында тиімді іске асыруда. 2011 жылдан бастап жастар үш жақты келісім шарт негізінде оқи бастады. Яғни, «Халықаралық бағдарламалар орталығы», жұмыс беруші және студент арасында құжат бекіді. Олжас Райымқұлов осы тиімді жүйенің игілігін көрді. Ол Manchester университетінде магистратураны аяқтады. Қазір Тараз қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде ағылшын тілінен сабақ береді. Талапты жас табысқа жету үшін алға мақсат қоя білу керек дейді.
Олжас Райымқұлов, «Болашақ» бағдарламасыны түлегі
Университетті бітірген соң мектепке орналастым, одан соң ары қарай білдім не керек екенін. Сол маған көмектесті. Басқа үміткерлерге айтатыным біріншіден жұмыс істеп көру керек деп ойлаймын. Жолыңды тауып, болашақта қандай іспен айналысқысы келеді? Егер осыны анықтай алса мақсатқа жету оңай болады.
Мақсатына ұмтылған 187 үміткер тұңғыш рет 1994 жылы халықаралық стипендияның иегері атанды. 2000 жылы 54 жас білім қуып шетел асты, арада бес жыл өткенде бұл көрсеткіш 1796 –ға жетті. 2010 жылы 1661, ал 2016 жылы 313 үміткер стипендиант атанды.
1994 ж –187
2000ж—54
2005 ж –1796
2010-1661
2016-313
Осы күнге дейін шетелде білім алып келген жастардың 98.4 пайызы дерлік жұмыспен қамтылған. Олардың 53 пайызы экономикалық, гуманитарлық мамандықтар бойынша бітіріп келсе, 40 пайызы инженерлік-техникалық саланы қамтыған. Енді ауыл мұғалімдерінің біліктілігін жетілдіруге басымдық берілді.
Ақерке Бектас, тілші
Дамыған отыз елдің қатарына қосылу мемлекеттің алға қойған үлкен мақсаттырының бірі. Осы жолда табысқа жету үшін жастардың ақыл-парасатына, білімі мен біліктілігіне иек арту керек деді Президент. Ал, мемлекет қолдауымен шартарапта білімін шыңдап жүрген азаматтар ертеңгі күні елдің жарқын болашағы үшін аянбай қызмет етуге әзірміз дейді
Ақерке Бектас, Руслан Сандыбаев «Жаңалықтар қызметі»