Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің дін өкілдерінің қатысуымен «Қожа Ахмет Ясауи және оның рухани мұрасы» халықаралық ғылыми-теориялық конференциясы өтті. Шараға Қазақстан, Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан және Қырғызстан елдерінің Бас мүфтилері, елшілер, депутаттар мен халықаралық ұйымдардың жетекшілері қатысты. Конференция күллі түркі жұртының рухани құбыласы саналған Қожа Ахмет Ясауи мұрасын зерттеп-зерделеу, отандық және шетелдік ғалымдардың ғылыми ізденістерін бір арнаға тоғыстыру, сондай-ақ тұлғаның даналық хикметтері мен өсиеттерін халықаралық деңгейде дәріптеуге бағытталды.