Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедовті Мемлекет басшысы Ақордада қарсы алды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, мәртебелі мейманға зор ілтипат көрсетіп, Еліміз Түрікменстанды стратегиялық серіктес, бауырлас мемлекет, ең жақын шекаралас көрші санайды, - деді. Сондай-ақ екі елді ғасырлардан жалғасып келе жатқан достық, ортақ тарих, тіл мен мәдениет біріктіретінін атап өтті. Айта кету керек, екеуара сауда-саттық, экономикалық ықпалдастықтың басқа да түрлері және мәдени-гуманитарлық байланыстар қарқынды дамып келеді. Президент арадағы серіктестіктің ауқымы мен сапасына көңіліміз толады деп айтуға негіз бар, дегенмен алға қадам басу қажет екеніне назар аударды. Сондықтан күн тәртібіндегі өте маңызды мәселелердің шешімін бірлесіп табамыз, - деді. Үлкен делегациямен келген Түрікменстан президенті көрсетілген құрметке ризашылық білдіріп, Гурбангулы Бердімұхамедовтің сәлемін жеткізді. Сондай-ақ бүгінде Түрікменстан мен Қазақстанның қарым-қатынасы достық, бауырластық және тату көршілік қағидаттары негізінде дамып келе жатқанын айтты.