Премьер-министр Олжас Бектенов инвестиция тарту мәселесіне қатысты кеңес өткізді. Өткен 9 айда негізгі капиталға салынған инвестицияның жалпы көлемі 13,8 трлн теңгені құраған. Энергетика, ауыл шаруашылығы және көлік салаларында өсім бар. Биыл Үкімет алдында 25 млрд доллар тікелей шетелден инвестиция тарту межесі тұр. Алайда, өткен жарты жылдың қорытындысы бойынша жоспар 40 пайызға ғана орындалған. Инвестицияның көбі өңдеу өнеркәсібі, қаржы секторы, көлік, байланыс және энергетика салаларына бағытталған. Олжас Бектенов инвесторларды сүйемелдеп, оларға қолайлы жағдай жасау қажет деді. Себебі, прокурорлық сүзгінің арқасында инвесторларға қатысты 380 заңсыз тексеру анықталған. Премьер-министр шаруаны ширата алмағандарды тәртіптік жауапкершілікке тартуды тапсырды.