Жамбыл ауданы Көлқайнар ауылдық округі аймағында бүгін «Аса Даму» құс фабрикасының салтанатты түрде ашылу рәсімі болды. Жұмыртқа бағытындағы құс фабрикасының мақсаты – халыққа таза әрі сапалы өнім ұсыну. Жоба 2015-2019 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылып отыр. 914 млн теңгені құраған жобаның жылдық қуаттылығы – 63 млн. дана жұмыртқа болады деп күтілуде.

8 га аумақты алып жатқан құс фабрикасы бір мезетте 250 мың тауық және 100 мың бас балапан өсіруге қауқарлы. Оның салтанатты ашылу рәсіміне Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Тимур Жанке қатысып, жиналғандарды зауыттың ашылуымен құттықтады. Құс фабрикасының тетігін басып, іске қосып, алдағы жұмысына сәттілік тіледі.

Қымбат Қаржауқызы, тілші:

Жоба аясында негізінен үш кешен құрылысы жүзеге асырылуда. Бүгін соның алғашқысы іске қосылып отыр. Мұнда қазір 82 мың тауық орналастырылған. Тауықтар күніне 70-72 мың дана жұмыртқа басып шығарады.

Үсен Құрманбеков, «Аса Даму» ЖШС директоры

/Екінші кешен осы жылдың аяғына дейін қараша айында өз өнімін бере бастайды. Үшіншісі 18 жылдың наурыз-сәуір айларында жүзеге асырылады. Тағы бір корпусымыз бар, ол жерде балапан өсіріледі. Өскеннен кейін бер жағына ауыстырылады. Егер жем қоры дұрыс болса, тауықтар 96-97 пайызға дейін тұқым береді. Ондай болған жағдайда, жылдық қуаттылығы 80 млн данадан да асуы мүмкін/

Иә, зауыт толық қуаттылығына 2018 жылдың басында шығады. Қазіргі кезде мұнда 23 жұмысшы бар. Келер айда испаниядан әкелінетін құрал-жабдықтарды монтаждау жұмыстары қолға алынбақ. Ол кезде қосымша тағы 12-15 адам жұмысқа тартылады. Ал жалпы, келешекте зауытта 70 тен аса адамға жұмыс орындары ашылатын болады. Мәрия Айтбаева 30 жыл бойы жұмыс таппай сенделген. Ол өңірде осындай құс фабрикасының ашылғанына өте қуанышты.

Мәрия Айтбаева, жұмысшы

/Осы жерге жұмысшы болып кірдім. Екі айдан бері ашылғаннан бастап жұмыс істеп жатырмыз. Жұмыртқа сұрыптаушымын. Бұл құс фабрикасы бізге өте тиімді болды. 30 жылдан бері жұмыссыз отырған едім, осында келіп жұмыс істеп жатырмын. Жалақысы өте жақсы. Уақытылы беріледі/

Аталған құс фабрикасын «Халық Банкі» АҚ қаржыландырып отыр. Бұл банктің соңғы 6 айдағы осы өңірдегі 3 ші жобасы болса керек.

Нұрлыбек Сейдахмет, «Қазақстан Халық Банкі» АҚ Жамбыл облыстық филиалының директоры

 /Жаңа технлогиямен заманауи үлгідегі салынған осы құс фабрикасы голландық технологияны қолданған. Голландық технология құс өсірудегі құстың қалай отыратыны, оның қалай тамақтану керектігі, оның ішіндегі температураны, яғни құстың өсуіне толық жағдай жасалатын технология. Сондықтан, бұл зауыттың мен ойлаймын алдағы уақытта өзіміздің елге, мемлекетке қосар үлесі зор деп/

Зауыт басшысы балапандардың Ресей федерациясының Кемерово қаласынан жеткізіліп жатқанын айтты. Ал тауықтар тек тұқым өндіруге бейім көрінеді. Және бір ерекшелігі, тауықтар төрт ай мерзімнен бастап жұмыртқа бере бастайды. Әрі суыққа төзімді келеді. Тұқымының өзі ірі және ақ түсті.  Осы өндірістің іске қосылуы облыс тұрғындарының жұмыртқаға деген сұранысын қамтып қана қоймай, көршілес облыстарға отандық сапалы өнім өткеруге мүмкіндік бергелі тұр. Әзірге фабриканың өнімдері Жамбыл облысы бойынша нарыққа шығарылып, саудалануда. 

 

Қымбат Қаржауқызы, Тоқтар Терлікбаев, «Жаңалықтар қызметі»