Өткен жексенбіде Орал қаласының «Стеновик» саяжайынан 4 адам құтқарылып, 61 адам эвакуацияланды. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігі хабарлады. Батыс Қазақстан облысында Жайық өзенінің су деңгейіне мониторинг жүргізіліп, әр 4 сағат сайын хабарланып отыр. Өңірлерден қосымша күштер тартылған. Олар учаскелерге бөлініп, жұмысқа кірісіп жатыр. Жалпы республика бойынша, қазіргі таңда 23 мыңнан аса адам өз үйлеріне оралды. 9 мыңға жуық тұрғын эвакуациялау пункттерінде. Оның 4 мыңы бала. Жолдары су шайған 32 елді мекенге көлік қатынай алмай отыр. Оларға қажетті азық-түлік пен дәрі-дәрмек қоры құрылған.