Финляндия Орта дәлізді дамытуға өз үлесін қоспақ. Бұл туралы екі елдің бизнес форумында мәлім болды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның фин порттарымен ынтымақтастықты тереңдетуге мүдделі екенін айтты. Қазіргі таңда Суоми компаниясы аймақта тиімді мультимодальді көлік желісін құрған. Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы саласындағы серіктестіктің әлеуетін де атап өтті. Қазақстан аграрлық мамандардың жаңа буынын даярлауға және ауыл шаруашылығында инновациялық әдістерді енгізуге мүдделі. Осы мақсатта Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті мен Шығыс Финляндия университеті серіктестік орнатқан. Қасым-Жомарт Тоқаев фин бизнесмендеріне «Астана» халықаралық қаржы орталығымен байланыс орнатуға шақырды. Сонымен қатар орман шаруашылығындағы ынтымақтастықтың әлеуеті жоғары. Финляндияның осы бағыттағы тәжірибесі «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасын іске асыруға елеулі үлес қоса алады. Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің фин компанияларына сенімді әрі ұзақмерзімді серіктес болуға ұмтылатынын айтты. Өз кезегінде Финляндия Президенті қазақстандық кәсіпкерлердің кәсіби әлеуетін жоғары бағалап, екі елдің бизнес құрылымдары арасында өзара сенім қалыптасқанын атап өтті. Форумда энергетика, сирек металлдарды бірлесіп игеру мәселелері де талқыланды.