Бейбіт елде көрік болған, дәулеті тірлігіне тірек болған Тараз шаһары бүкіл қазақстандықтардың тарихи бойтұмары іспеттес. Өйткені, бұл қала - мыңжылдықтарды еңсеріп, түрлі дәуірді басынан өткерсе де құндылығы топырақ астында қалмай, тарих қойнауынан бүгінгі күнге дейін жеткен - жалқы шаһар. Уақыт тезінен өтіп, аты бірнеше рет өзгерген қалаға тарихи «Тараз» атауының қайтарылғанына бүгін – 21 жыл!
Тарихи сәтке қайта оралар болсақ. Сол 1997 жылдың 8 қаңтары. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Жамбыл облысына жұмыс сапарымен келген-ді. Әуелі Жамбыл ақынның ескерткішіне, кейін қасиетті Қарахан кесенесіне аялдады. Міне осы сәт, осы сағат - тарихи, әрі ұмытылмас кез еді.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті
/Жамбыл облыстық жергілікті атқарушы органдарының өтінішін және жұртшылығының тілегін ескере келіп, ҚР үкіметі жанындағы мемлекеттік ономастикалық комиссиясының қорытындысы негізінде қаулы етемін: Жамбыл облысының орталығы Жамбыл қаласының атауы Тараз қаласы болып өзгертілсін!/
Иә, есте жоқ ескі замандарда «Тараз» атымен күллі жаһанға мәшһүр болған көне шаһар 18 ғасырда «Әулиеата, 1936-1937 жылдар аралығында саясат желінде сәл ғана «Мирзоян» деп аталса, 1937 жылдан бастап қалаға бар қазаққа мақтаныш болған жыр алыбы Жамбылдың есімі берілді. Арада түрлі дәуір өтті, заман өзгерді. Ел егемендігімен бірге ұлттық тарихымыздың құндылықтары қалпына келтіріле бастады. Ұлт тарихы мен ұлттық болмысты сақтаудың әділетті жолы салтанат құрды. Ал, бүгінде Тараздың көркі мен рухани келбеті өзгерді, қала тотыдай таранып, жаңа заманға сай түрленіп, өсіп-өркендеп келеді.
Тәкен Молдақынов, «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайының директоры
/Қазақстанда көптеген толып жатқан қалалар бар ежелгі дәуірге жататын. Біреуіне 1000 жыл, біріне 1500 жыл деген секілді. Олардың бәрі осы күнде әшейін айдаладағы қорғандарға, төбелерге айналып қалған. Ал, Тараз қаласы өзінің алғашқы даму үрдісінен танбай, түрлі зілзалаларды бастан кешсе де, бүгінгі күнге дейін жеткен – жалғыз шаһар /
Блиц-опрос
- Тараз қаласында тұрғаныма 30 жылдан асып кетті. Тараз қаласының атауы өзіне лайықты деп ойлаймын.
- Тараз қаласы – көне қала, ежелгі. Өзімізге ұнайды.
- Тараз қаласына ешқандай қала жетпейді. Өззіміздің туып-өскен жеріміз. Өсе берсін, өне берсін, халқы көп бола берсін!
- Өзіміз Түркменстаннан келгенбіз. Тараз қаласы маған ауасы ұнайды, парктары ұнайды.
- Көшкеніме 20 жыл болды Өзбекстанның қаласынан. Жайнай берсін қала, гүлдене берсін!
Қарахан кесенесі алдына тұрғызылған мына тұғыртастың маңызы өте зор. Бұл – жай тас емес. Осыдан 21 жыл бұрын елбасымыздың өзі келіп, мәрмәр тастың астына болашақ ұрпаққа аманат хатын қалдырған. Бұл хатты оқу 2100-інші жылғы ұрпақтың басына бұйырған бақ. Және сол 1997 жылдың 8 қаңтарында киелі шаһарға тарихи Тараз атауы қайтарылды. Сондықтан бүгін тараздықтар үшін маңызды күн.
Әйгерім Жасұзақ, Руслан Сандыбай «Жаңалықтар қызметі»