Еліміздің Ақпарат және коммуникация министрлігінің қолдауымен, «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы» АҚ-ның ұйытқы болуымен қалың көрерменге жол тартқан  «Мен қазақпын!» мегажобасы мәреге жақындады. Өнер додасында жерлесіміз Сұлужан Әбенова Жамбыл облысының намысын қорғап жатыр. 25 қарашадан бастап, дәстүрлі әндер жанрынан  сайыс басталады. Қазақтың қара домбырасын жанына серік етіп, дәстүрлі өнерімізді дәріптеп жүрген әнші бұл жарыста жерлестерінен қолдау күтеді.

Шалғай ауылдарда жүрген өнерпаздарды анықтап, тасада қалған талант иесін үлкен сахнаға шығару, сондай-ақ, руxани мұраны ұрпақ кәдесіне жарата отырып, ұлттық тұтастықты нығайту– мегажобаның негізгі мақсаты. Ең үздік дәстүрлі әнші, термеші және күйші номинациялары бойынша еліміздің барлық өңірінен үміткерлер қатысуда. Өңірлерде өткен алғашқы іріктеу кезеңінде барлық аудандардар бойынша бақ сынаған 60-қа тарта өнерпаздың ішінен Сұлужан Әбенова жобаға лайық деп танылған болатын. Бүгінде, ол әділқазылар алқасының үмітін ақтап, телевизиялық жобада жартылай финалға жетті.

Дәстүрлі әндер номинациясы бойынша барлық облыстан, Алматы және Астана қалаларынан, сонымен бірге Монғолия, Ресей, Қытай  елдерінен 19 үміткер өзара бақ сынаса, солардың алтауы топ жарып, жартылай финалға жолдама алды. Өнердегі әріптестері Сұлужанның бұл байқауда жүлделі орын алатынына сенімді.

Қараша айының 25-нен бастап мегажобаның шешуші кезеңі басталады. Ал Кенен мен Жамбылдай жыр дүлдүлі шыққан қасиетті өлкенің намысын қорғап, өнер байқауында бақ сынап жатқан жерлесіміздің жеңіп шығуына сіз бен біздің қолдауымыз ауадай қажет. Сондықтан, Сұлужан Әбеноваға дауыс беріп, «Мен қазақпын» жобасына атсалысуды ұмытпағайсыздар.

Аягөз Тілеуханқызы, Өміртай Ыбыраев, «Жаңалықтар қызметі»