Созылмалы бүйрек ауруы өзекті мәселе. Жыл өткен сайын науқастар саны артып барады. Бұдан екі жыл бұрын гемодиализ арқылы ем алатындардың саны — 50-60 адам болатын. Қазір облыста бүйрек ауыстыруды қажет ететін 80 –нен астам науқас бар. Олардың өмірі «жасанды бүйрек» аппаратына тәуелді.

1990 жылы созылмалы бүйрек дертімен ауыратындардың орташа жасы — 54 жас болса, қазір — 25-45 жас. Яғни, ауру «жасарып» барады деген сөз. Тіпті бүйрек ауруына шалдыққан балалар да бар. Созылмалы бүйрек ауруының емі — бүйрек ауыстыру. Дегенмен, мұндай мүмкіндікке кез келген науқастың қолы жетпейді. Өйткені, бүйрек жоқ, донор тапшы. Ал бүйрек ауыстырудан бұрын тиімді тәсіл — гемодиализ арқылы ем қабылдау. Қазір гемодиализ арқылы емдеудің арқасында бұл науқастардың өмір сапасы жақсарып келеді дейді мамандар. Мемлекет тарапынан созылмалы бүйрек дертіне шалдыққан науқастарға медициналық көмек көрсету сапасы да жыл өткен сайын артып келеді. Мәселен, 2014 жылы Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығымен Сараптамалық комиссия құрылған болатын. Яғни жедел бүйрек жетіспеушілігі ауруына шалдыққан науқастар комиссия құрамынан өтіп,  гемодиализге жіберіледі. 2017 жылдың ішінде № 2 қалалық ауруханасының «Нефрология» бөлімінде 850 науқас түскен. Соның ішінде 100 науқас сараптамалық комиссиядан өтіп, 88 науқас жасанды бүйрек аппаратына тәуелді екендігі анықталған. Бұл өте алаңдатарлық көрсеткіш дейді дәрігерлер.

Парида Құрманбаева, №2 қалалық ауруханасының нефрология бөлімінің меңгерушісі

Адамдар дәрігерге бармай жатып, өздігімен дәрі іше бастайды. Ол бүйрекке әлбетте зиян келтіреді. Жастар көп ауырады қазір. 19 бен 20 жас аралығында бүйрек ауыратындар көп кездеседі. Олар денсаулықтарына немқұрайлы қарайды, учаскелік емханаларға барып тексеруден өтпейді.