Бүгін - XX ғасырдың  басында  қазақ халқының азаттығы жолында жан аямай күрескен Алаш ардақтыларының бірі, мемлекет және қоғам қайраткері Тұрар Рысқұловтың туған күні.

Алаштың арда азаматы 1894 жылы қазіргі Алматы облысында дүниеге келген. Ол жастайынан ерте есейіп, көп қиындық көрді. Болашақ кілті білімде екенін түсініп, оқуға қапысыз ден қойды. 1916 жылы, небәрі 22 жасында отаршылдыққа қарсы қарулы көтеріліс ұйымдастырып, сол үшін қамауға алынды. Кеңес үкіметі тұсында түрлі жауапты қызметтер атқарып, бар қажыр-қайратын ұлт мұратына бағыштады. Ресей федерациясы халық комиссарлары кеңесі төрағасының орынбасары болып қызмет атқарды. Ол кезде қайраткердің жасы 30-ға да толмаған еді. Бұл қызметіне қоса Рысқұлов Түрксіб темір жолын салуда үкімет комиссиясының төрағасы болып, оны 6 жылда аяқтау орнына 3 жылда пайдалануға берілуін ұйымдастырды. Маманданған қазақ жұмысшыларын қалыптастыруға, қазақ жастарын Ресей және шет ел оқу орындарында көптеп оқытуға көп көңіл бөлді. Голощекиннің «Қазақстанда кіші Қазан» төңкерісін жасау идеясына ашық қарсы шықты. Ол – терең ойлы, әлемдік деңгейдегі реформатор тұлға. Экономика, мәдениет, дипломатия, тарих сынды сан саланы жетік меңгерген дарынды қазақ. Ол түркітілдес халықтардың конфедерациясын жариялы түрде ұсынып, шын мәнінде Тәуелсіз мемлекет құруды армандады. Ашаршылық жылдары Кеес үкіметінің солақай саясатын ашық сынап, Сталинге хат жазды.

1937 жылдың мамыр айында Мәскеуде қамауға алынып, 1938 жылдың 10 ақпанында ату жазасына ұшыраған. Бүгінде Алматыдағы ірі даңғылдардың бірі Рысқұлов есімімен аталады. Ал, облысымызда Тұрар Рысқұлов атында аудан бар.

Түркі ұлттарының түгел тағдырын тым-тым тереңнен ойластыра алған, елінің маңдайына біткен азаматтың есімі қазақ халқының жүрегінде мәңгілікке сақталатыны анық!