Биыл еліміздегі Ұлттық Қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің құрылғанына ширек ғасыр толуда. Қазақстанның көршілес қырғыз елімен шектесетін Жамбыл облысындағы шекара шебі қашанда жіті назарда. Тараз шекара отряды мен заставалар шекарашылары әрдайым тыныштықты  қамтамасыз етіп отыр. Мерейтойлық датаға орай республикалық деңгейде эстафета бастау алып, біздің өңірімізге де келіп жетті.

Шекара қызметінің құрылғанына 25 жыл толуына арналған эстафета Алматы облысынан үстіміздегі жылдың 23-ші мамырында бастау алды. 3 ай ішінде 15 мың шақырымды еңсеріп, Қазақстан бойынша Алматы, Өскемен, Павлодар, Петропавл, Қостанай, Ақтөбе, Орал, Атырау, Ақтау,Қызылорда, Сарыағаш, Шымкент өңірлерінде болды. Бүгін ең соңғы нүктеге табан тіреп, мәреге жетті. Ленгерлік шекарашылар салтанатты түрде жамбылдықтарға тұғырлы белгіні табыс етті.

Асхат Кишляров, «Ленгер» шекара комендатурасының аға офицері

Бізге Қызылорда облысынан келді. Әрбір заставаларды аралап, шегара шебімен Ленгер комендатурасына жеткізілді. Барлық жүріп өткен елді-мекендерде мерекелік бағдарламалар өткізілді.Бүгін міне Таразға аманатпен табыстап отырмыз

Мерекелік символды Жуалы тұрғындары мен әскерилер сән-салтанатымен қарсы алды.Аудан орталығындағы аллеяға 300-дей халық жиналып,  аса жауапты қызметті қалтқысыз атқарып жүрген барша шекара сақшыларына алғыстарын жеткізіп, құрмет көрсетті.  Жергілікті өнерпаздар арнау айтып, әнмен жиын сәнін келтірді.

Ерсұлтан Нұғманов, «Ақсуат» шекара заставасының офицері

Мемлекеттік шекараға құрмет көрсетіп, бүгін міне эстафены салтанатпен қабыл алып отырмыз. Отан алдындағы борышымызды осы жауапты міндетті атқарып жүргенімізге мақтан тұтамыз

Көршілес мемлекеттермен бейбіт аспан астында достық қатынаста ғана болу біздің елдің өмір сүру салтына айналса, басты күшіміз – бірлікте. Десе де, ұшқан құстың қанаты, шапқан тұлпар тұяғы талатын ұлан ғайыр атырап шебін шекарашылар қауіпсіздікті қорып, кірпік қақпай күзетуде.Сондықтан да, олар қандай болсын құрметке лайықты. Ал келіп жеткен мерекелік символ өңірде 4 күн аялдап, ертеңнен бастап Тараз қаласы мен шекаралық аудандарды аралайды. 16-шы тамызда елордаға жөнелтіліп, ҰҚК шекара қызметінің орталық аппараты мұражайында мәңгі сақталмақ.

 Гаухар Рысбай, Руслан Сандыбай, «Жаңалықтар қызметі»