Биыл Қазақстан Қарулы күштерінің құрылғанына - 25 жыл. Осыған орай, Оңтүстік өңірлік қолбасшылығына қарасты 11971 әскери бөлімінде «ашық есік күні» ұйымдастырылды. Отан алдындағы борышын атқарып жүрген жас жауынгер туған-туыстарымен кездесіп, сағыныштарын басты.
Бұл Меркі ауданында орналасқан Қазақстан Қарулы күштерінің құрлық әскерлері 11971 әскери бөлімінің 1-ші мотоатқыштар ротасы. Жеке құрам 2016 жылдың қараша айында ресми түрде ант қабылдап, әскери борышын өтеуге кіріскен. 20 сарбаздың барлығы дерлік Оңтүстік Қазақстан облысының ұландары. Үш ай ішінде жас жауынгерлер әскер әлемінің қыр-сырын үйреніп, физикалық тұрғы да біраз машықтанып қалды. Бүгін міне олар үшін өте жауапты күн. Себеп: бар үйреніп, білгендерін ата-аналары мен туған-туыстары алдында орындауы шарт.
Мақсат Кәрімбаев, атқыш
Бозарық ауылында дүниеге келдім. Мен осы әскерге келгінңме 3 ай уақыт болды. 3 ай ішінде біз атыс-жаттығуларды үйрендім, мен 11791 әскери бөлімінде атқыш болып саналамын. Мен осы қызмет еткенім үшін мақтанмын. Елбасы Н.Назарбаевқа алғысымды білдіремін.
Иә, мереке қарсаңындағы іс-шара барысында ата-аналар тек ұлдарымен кездесіп қана қойған жоқ, олардың тыныс-тіршілігі, тұрмыстық жағдайымен де жіті танысты. Әскери бөлімнің ішін толықтай аралап, киер киім, ішер ас, жатын орындарын көріп, алаңдауға еш негіз жоқ екендігіне тағы бір көз жеткізді. Мұнан өзге, оқу-жаттығу өтіп, сарбаздар шапшаң қимылдап, қарумен және қарусыз жаттығуларды орындап, ұрыс техникаларымен қалай әрекет ету керектігін көрсетті. Аз ғана уақыт ішінде балаларының есейіп, аса жауапты қызметті шеберлікпен атқарып жүргендігіне куә болған ата-аналар бір марқайды.
Аягөз Тұрсынбаева, ата-ана
Түлкібас ауданы Майтөбе ауылынан келдім. Осы әскер бөлімде ұлым борышын өтеп жүр. Үш айдың ішінде жақсы жаттығып, біраз нәрсені үйренген. Барлық жері жақсы, таза. Жатқан жері, тамақтануы, бәрі керемет, өзіме ұнады.
Ноғайбек Қалдыбаев, ата-ана
Бәрі жақсы, көңілге қонады. Еш жамандығын байқамадық. Осы жердегі офицерлік құрамға шын көңілден алғыс айтмын. Жақсы тәрбие беріп жатыр.
Ел тыныштығын қорғап жүрген азаматтар өнерден де құр алақан емес. Ол әрине әскери қызметтің арқасы деп біледі. Концерттік бағдарлама барысында бауыр еті баласын жаңа қырынан таныды. Іс-шараға белсене ат салысып, алыстан ат терлетіп келген ата-аналарға алғыс хат табысталып, үздік деп танылған жауынгерлер де марапатталды. Осылайша әскери өмірдің бір күнімен танысқан азаматтар өзге ер балаларымызды да борышын өтеуге міндеттейміз, деп қайтты.
Гаухар Рысбай, Асқар Әділ «Жаңалықтар қызметі»