Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов пен Қырғызстан Министрлер кабинетінің төрағасы Адылбек Касымалиев Үкіметаралық кеңестің 13-ші отырысын өткізді. Тараптар сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту әлеуетіне тоқталды. Биыл 8 айда екі ел арасындағы тауар айналымы 21%-ға өсіп, $1,4 млрд-қа жетті. Қатысушылар кеңестің алдыңғы отырысында қабылданған бірлескен шаралардың жүзеге асырылу барысын қарады. Агро-өнеркәсіптік кешен саласындағы өсудің жаңа бағыттарын айқындады. Сондай-ақ, екі ел аумағында орналасқан Хан Тәңірі шыңында тау туризмі бағыттарын жандандыру мәселелері талқыланды. Жиында қос елдің үкіметтері ынтымақтастықтың барлық негізгі бағыты бойынша екіжақты қарым-қатынастарды одан әрі тереңдетуге ниетті екенін растады және 13-ші отырыс хаттамасына қол қойды.