Сонымен қатар бүгін Мемлекет басшысы журналистердің кәсіби мерекесі қарсаңында бір топ БАҚ өкілін марапаттады. Жиында Қасым-Жомарт Тоқаев әлемдегі күрделі геосаяси ахуалға тоқталып, отандық журналистикаға артылып отырған міндеттерді атады. Президенттің айтуынша, алмағайып, бұлыңғыр заманда, ең алдымен, ел бірлігін сақтап, басты байлығымыз – тұрақтылық пен тыныштықты бағалау қажет. Қазір арқаны кеңге салатын уақыт емес. Жаһандық қауіпсіздік жүйесі түбегейлі өзгеріп жатыр. Алпауыт елдердің текетіресі ушығып, кейбір аймақта қарулы қақтығыстар өршіп барады. Ғаламдық цифрлық трансформация бүкіл адамзатқа бұрын-соңды болмаған қиындықтар әкеледі деді Президент. Мемлекет басшысының айтуынша әлем жаңа дәуірге қадам басты. Мұнда жасанды интеллект технологиялары мемлекеттің табысты дамуының басты факторына айналады деген пікірде. Алайда бұл өзгерістер журналистиканың жаңа мүмкіндіктерін, шын мәнінде екінші тынысын ашуы әбден мүмкін. Отандық журналистер әрдайым шығармашыл, жаңашыл әрі дамуға құштар. Осы орайда, журналистерге айрықша сенім мен зор жауапкершілік жүктеледі деді Президент.